Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың Рождестволық жолдауы
Мәртебелілер! Ардақты әкелер, қымбатты аға-әпкелер!
Қасиетті Шіркеу құлшылық етуші жүректерді зор қуанышқа бөлейтін «Мәсіх дүниеге келді – дәріптеңіздер!» деген сөздерді тағы да бізге арнап жолдап отыр.
Осы қасиетті үнмен баршаңызға сәлем жолдаймын және үміттің, бейбітшілік пен Құдайдың сүйіспеншілігінің мерекесі – Иеміз әрі құтқарушымыз Иса Мәсіхтің туған күнімен құттықтаймын! Ғаламды «ақыл нұрымен» нұрландыратын Мәсіхтің туған күні келгенде, біз адамзаттың құтқарылуын рухани түрде сезінеміз. Біздің көз алдымызға тағы да Бетлехем үңгірі ашылып, онда – ақырда жатқан Тірі Құдайдың Ұлы – Мәсіхті елестетеді (Мф. 16:16). Біз тағы да құл кейпіне еніп, Өзін төмендеткен Жаратушыны мадақтайтын періштелердің дауыстарын естиміз (Флп. 2:7). «Билеушілердің Патшасы, Раббылардың Раббысы еркімен құл кейпінде киінді, әлемнің Төресі билеушілерге бағынады, Жаратушы Иесі туған жерінде қоныстанады, Баршаны қамтушы қонақ үйде орын таппайды, бірақ мылқау жануарлардың ақырағына сүйенеді», –деп әулие Григорий Нисский бізді Құдайдың бойұсынушы кішіпейілдігіне таң қалуға шақырады.
Адам болған Құдайды көктегі күштермен бірге дәріптей отырып, біз Мәсіхтің тууы барлық уақыттан және кеңістіктен асып түсетініне сенеміз, түсінеміз және куәлік етеміз. Екі мыңжылдық бұрын болған Құтқарушының әлемге пайда болуының кереметі адамдардың барлық ұрпақтарының өміріне және әрбір адамның тағдырына тікелей байланысты. Жаратқан Ие аспанға тағзым етіп, жер әлеміне біз үшін – сен үшін, мен үшін, әрқайсымыз үшін бөлек және барлығымыз үшін – баршамызды құтқару үшін келеді (Пс. 143:5).
Қазіргі уақытта Ақиқатты танып, мәңгілік және бақытты өмірге қол жеткізгісі келетін, бөтен емес, өзінің Құдайы болғысы келетін әрбір адам қалағанына қол жеткізе алады. «Мәсіхтің келуі дегеніміз не? – деп сұрайды әулие Иоанн Златоуст, және былай жауап береді – Құлдықтан құтылу, бұрынғы мұқтаждықтан құтылу, Құдайдың рақымымнда болу құрметі, күнәларды кешіру көзі, нағыз өлімсіз өмір». Рождествоның құпиясында
ашылған Құдыретті Иеміз бізге Құдай мен жердегі, көрінетін және көрінбейтін, ізгілік пен күнә туралы, жердегі болмыстың мәні мен Аспан Патшалығына жету туралы толық білім берді. Адам ұлы және терең шындықтарды біліп қана қойған жоқ, сонымен қатар ол дұрыс жолды ұстануға, жамандықтан аулақ болуға және жақсылық жасауға күш пен құралға ие болды (Пс. 33:15).
Шіркеулер мен үйлерде періштелер мен адамдар қазір қасиетті Рождестволық әнді шырқауда: «Құдайға мадақ, жер бетінде тыныштық, адамдарға рақымшылық» (Лк. 2:14), өйткені әулие Григорий Паламаның сөзіне сәйкес «Көктегі биіктерді ұстап тұрған Құдай енді жерді Өзінің тағы деп иеленді және онда Көкте Оның әулиелері мен періштелері арқылы даңққа бөленетіндей дәрежеде ұлықталады». Сол көне қасиетті түнде періштелер адамның күнә мен өлімнен құтқарылуында Әлемнің Әміршісінің даңқы толық ашылатынын, Мәсіхтің келуі адамдарға шынайы тыныштық сыйлайтынын және Жаратқан Иенің дүниеге келуінде Құдай Әкенің Өз балаларына деген сүйіспеншілігінің ең жоғары көрінісі орын алатынын жария етеді. Көктегі хабаршылар бізге осы ән арқылы Құтқарушының туған күнін қалай мерекелеу керектігін, Сәби Құдай Мәсіхті қалай лайықты дәріптеу керектігін үйретеді. Тәнсіз күштер «жер бетіндегі тыныштықты» жариялайды. Біз де осы күннен бастап өмірімізде, туыстармен, достармен, алыс-жақындармен қарым-қатынаста бейбітшілік үстемдік етуіне, уағызшының сөзімен айтқанда, - ашу-ызада күннің ешқашан өшпейтініне және келеңсіздік пен қаһар, ашу мен айғай, жалақорлық мен барлық зұлымдық біздің арамыздан жойылатындығына бар күшімізді саламыз (Еф. 4:26, 31). Бейбітшілікке ұмтылғанымыз үшін Жаратқан Иеміз бізді Өзінің рақымына толы сыйлықтарымен құрметтейді, жоғары рақымына алу мәртебесін сыйлайды, өйткені Ол Өзі: «Татулық орнатушылар бақытты, өйткені олар Құдайдың ұлдары деп аталады», - дейді (Мф. 5:9).
Мәсіхтің туған күні мерекесі қасиетті азаматтық Жаңа жыл келуін білдіреді. 2022 жылы Қазақстан Митрополиттік округі тарихи және рухани маңызды датаны атап өтеді – Түркістан епархиясының құрылғанына және қызметінің басталғанына 150 жыл толады. 1872 жылдың 24 мамырында архиепископ Софония (Сокольский) Верный қаласында жаңадан құрылған Түркістан кафедрасына келіп, Қазақстан жерінің тұңғыш әулиесі және Ұлы даланың елшісі болды. Сіз бен біз Қазақстанның кең-байтақ жерінде
бұрынғы уақыттарда жарқырап өткен және қазіргі таңда осы құтты өлке үшін Құдай тағының алдында араша болатын барлық сенім аскеттерінің, батыл уағызшылар мен ізгі шейіттердің еңбектері мен істерінің мұрагерлеріміз. Шіркеу тарихындағы оқиғаларды еске түсіре отырып, біз Жазба сөзіне сәйкес, тәлімгерлерімізді еске аламыз және олардың өміріне көз сала отырып, олардың сеніміне еліктейміз (Евр. 13:7).
Өмір беруші Мәсіх дүниеге келген жарқын күн - біздің үмітіміздің мерекесі. Әулие Филарет Московский құрастырған православие катехизисінде: «Христиандық үміт бұл біздің құтқарылуымыз үшін үздіксіз қамқорлық жасайтынына және бізге уәде етілген бақытты сыйлайтынына сенімділікпен Құдайға деген жүректің тыныштығы», - делінген. Біз қиын кездерді бастан өткеріп жатырмыз, қайғылы әрі алаңдатарлық жағдайлардан жүрегімізді жиі кірбің шалады, кейде қайғыдан қан қақсайды. Бірақ Рождестводағы оқиғаларда шындыққа айналған ежелгі пайғамбардың сөзін еске түсірейік, - «Құдай бізбен бірге!» (Ис. 8:10), - арпалыс өмір толқынында біз жалғыз емес екенімізді түсінеміз, Құдай әрқайсымызбен бірге – Өзінің рақымымен және адамшылдығымен. Мәсіх дүниеге келді – аспан да, жер де қуанады (Ис. 49:13), Мәсіх дүниеге келді – жердегі және өлім көлеңкесінде отырған адамдарға нұр жарқырады (Мф. 4:16), Мәсіх дүниеге келді – біздің сеніміміз Құдайдың күшіне негізделген (1Кор. 2:5), Мәсіх дүниеге келді – бізге мәңгілік жұбаныш пен рақымға жарқын үміт берілді (2Фес. 2:16), Мәсіх дүниеге келді – біз Құдайдың бізге деген сүйіспеншіліген танимыз (1Ин. 4:16), Мәсіх дүниеге келді – біз сенім арқылы рақымшылықпен құтқарыламыз (Еф. 2:8). Мәсіх дүниеге келді – мадақ! Мәсіх көктен келді – қарсы алыңыз!
Мәсіхтің Туған күні мерекесінде мен баршаңызға елшінің «Бір-бірлеріңіз үшін дұға етіңіздер» (Иак. 5:16), рухани және материалдық көмек қолын созыңыздар, немқұрайлы болмаңыздар, - деген сөзін айтқым келеді.
Мен күн сайын, әрдайым және әр сағатта баршаларыңыз үшін және біздің туған шаңырағымыз – құтты мекен Қазақстан, жаңа шейіттер мен уағыздаушылар елі үшін дұға етемін. «Жаратқан Иеміз Иса Мәсіхті шексіз сүйетіндердің барлығына рақым болсын. Әумин». (Еф. 6:24).
Рождество мерекесі мен Жаңа жыл құтты болсын!
Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы
Астана және Қазақстан митрополиті Александр